«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге 750 миллион теңге қажет

2017 жылғы 02 Қазан
- Қарағанды облысы
14777 просмотров

Қарағанды облысының әлеуметтік мәселелер реестрі кәсіпкерлер назарына ұсынылды

Елімізде кәсіпкерлер тарапынан кең қолдау тапқан республикалық «Атамекенім» қайырымдылық акциясы аясында Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімі өңір бойынша әлеуметтік мәселелердің картасын әзірледі.

«Атамекенім» акциясы біріншіден, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында анықталған қайырымдылық мәдениетін дамытуға, жандандыруға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға арналғаннын өзінің кіріспе сөзінде Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Күлпейісов Ернар атап өтті.

«Бүгін біз осы акцияға орайластырып жасалған облыстың әлеуметтік мәселелері қамтылған картаны назарларыңызға ұсынып отырмыз», – деді өңірлік палата директоры.

Өңірлік Кеңестің талқысына салынған карта: әлеуметтік мәселе, коммуникация және жайлыландыру, мәдениет, спорт және туризм бағыттары бойынша жіктеліп, қала-ауыл траекториясында нақты пайыздық мөлшермен көрсетілді. Мәселен, әлеуметтік сұрақтар жалпы реестрдің 45% құраса, коммуникация және жайлыландыру 35% жетіп отыр. Ал, мәдениет, спорт және туризмге қажетті көмек 20 пайызды құрап отыр. Қазірдің өзінде әлеуметтік мәселелердің түйінін шешу үшін 750 миллион теңге көлемінде қаржы қажет.

«Ауылға бет бұру керек. Ауылда қазір жұмыс табу да оңай емес», – деп жиын барысында барлық кәсіпкерлердің күшін ауылға жұмылдыру керектігін Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Ибкеев Сапар Көшкенұлы қадап айтты.      

 

Ауылдың қалаға қарағанда әлеуметтік көмекке мұқтаждығы кестеден де анық байқалады. Әсіресе соңғы екі көрсеткіш бойынша көмектің 95 пайызы ауылға тартылғаны абзал.

«Қарағанды облысының барлық кәсіпкерлерін акцияны бірауыздан қолдап, белсенділік танытуға шақырамын. Бұл біздің қала, біздің мемлекет. Тіпті, реестрді жасау барысында шетелде жүрген кәсіпкерлерімізді де тартуға тырыстық. Сондықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесіп жұмыс атқарғанымыз дұрыс», – деп сөз соңын Кеңес төрағасы Болатбек Байменов қорытындылады.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысы бойынша 9 аудан, 9 қала, 390-нан астам ауыл тіркелген. Облыстың жалпы халық саны 1 300 000 мыңнан астам адамды құрайды.   

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер