«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жайлы мектеп: Қызылорда облысынан үш жеңімпаз анықталды

2023 жылғы 24 Мамыр
- Қызылорда облысы
8627 просмотров

Елімізде «Жайлы мектеп» жобасының алғашқы жеңімпаздары белгілі болды. Қызылорда облысынан әзірге үш мектептің құрылысын салуға жеңімпаздар анықталды. Олар: «Алтын Айдарлы» ЖШС, «Аман-Құрылыс» ЖШС, «СМП-Қызылорда» ЖШС. Аталған құрылыс компаниялары 300, 600, 900 орындық мектептердің құрылысын жүргізеді.

2025 жылға дейін елімізде 401 мектеп салынбақ. Оған республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қаралған. Бұл жөнінде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Өнеркәсіп кеңесінің кезекті отырысында облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бақыт Дүйсенов айтты.

«Алдағы 3 жылда біздің облыста 15100 орынға арналған заманауи 21 мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 100 млрд теңге. Қызылорда қаласында 8, Арал ауданында 4, Қазалыда 2, Қармақшыда 2, Жалағашта 1, Сырдарияда 1, Шиеліде 1 және Жаңақорған ауданында 2 мектеп бой көтереді. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайын», – деді Бақыт Дүйсенов.

Облыстық білім басқармасының өкілі салынатын мектептердің ерекшелігі бастауыш және жоғары сынып оқушыларының мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитынында екенін айтты. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл секілді қауіпсіздікке арналған құрылғылар  орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника кабинеттері болады. Сонымен қатар оқушыларға ыңғайлы болуы үшін трансформер-парталар қойылып, әр қабатта тынығу алаңдары қарастырылмақ.

Отырыста кеңес мүшесі, «NP Consulting» ЖШС директоры Ғалым Прекешов құрылыс жұмыстарына қажет материалдар жергілікті өндірушілерден алынса деген ұсынысын білдірді.

«Мектеп құрылысын салу барысында пайдаланылатын қанша құрылыс материалдары бар. Құрылыс кезінде жергілікті өндірушілердің өнімдеріне басымдық беріле ме? Берілсе ол жұмыс қалай ұйымдастырылады?», – деді Ғалым Прекешов.

Кәсіпкердің сауалына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның аймақтағы өкілі Ерік Қонақбаев оның барлығы облыстық комиссия арқылы анықталатынын жеткізді.

Кәсіпкерлер жауапты мемлекеттік орган және «Samruk-Kazyna Construction» өкілдерінен жергілікті өнімдерге, кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды да сұрады.

Кеңес отырысының қорытындысымен облыс әкімдігі жанындағы комиссияға ұсыныс жолданатын болды. Онда мектеп құрылысына қажет құрал-жабдықтар мен материалдарды таңдау барысында жергілікті өнім өндірушілерге басымдық беру механизмін арнайы құжатқа енгізу сұралады.

Қызылордалық құрылысшылар аталған жобаға қатысты барлық мәселемен Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айгерім Рахымжановаға хабарласа алады. Байланыс нөмірлері: +7 775 124 1740, +7 /7242/ 40-09-81 (ішкі 4316).


Еншілес ұйымдар

Серіктестер