«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Заңдағы олқылық кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіріп жатыр

2022 жылғы 21 Қазан
- Қызылорда облысы
8345 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде жол құрылысы саласында қызмет көрсететін бизнес өкілдері заңдағы олқылық кәсіптеріне кедергі келтіріп жатқанын жеткізді.

Кәсіпкерлер «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 13-бабына сай құрылыс, реконструкция, жөндеу және жөндеу кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу жөніндегі қызметтердің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК арқылы жүргізілуі бұл саладағы кәсіпкерлердің құқығын шектеп отыр деп санайды.

«Бұрын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық маңызы бар жол құрылысының сапасына қатысты қызметті алатын. Жергілікті жердегі осы саладағы өзге кәсіпкерлер қала, аудан, ауыл ішілік жол сапасына сараптама жүргізетінбіз. Соңғы үш жылда жағдай өзгерді. Біздің облыстың өзінде жол құрылысының сапасына сараптама жасай алатын, арнайы зертханасы бар ең азы 5 компания бар. Соның бірі мен. 11 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бірақ қазір жауапты мекемелер барлық тапсырысты аталған орталыққа ғана беріп отыр», – деді шарада «СтандартСтройСервис LTD» ЖШС директоры Асылбек Қалышев.

Кәсіпкер заң талаптарының бұрмаланып қолданылып жатқанына наразы.  

«Мәселе тек заңда ғана емес, сол заң талабының бұрмаланып пайдаланылып отырғанында. Мысалы сол талапта құрылыс дегенде «автомобиль жолдары» деген сөз жоқ. Десе де біздің бұл салада жұмыс істеуіміз күн сайын қиындап бара жатыр. Бізге көмек керек», – дейді кәсіпкер.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Еркін Қазығұлов заңнамада көрсетілген ереженің жеке кәсіпкерлерге нарыққа кіруге кедергі келтіріп жатқанынан хабардар екенін айтты.

«Біз бұл мәселені кедергілер жөніндегі кеңеске шығардық. Кеңес қорытындысымен «Автомобиль жолдары туралы» Заңға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс берілетін болды. Қазір автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу жөніндегі қызметтер нарығына талдау жүргізіп жатырмыз», – деді Еркін Қазығұлов.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов аталған мәселеге қатысты «Атамекеннің» Орталық аппаратымен бірге шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер