«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Біз мемлекеттік органдардың емес, бизнестің мүддесін қорғаймыз!

2017 жылғы 30 Қаңтар
- Қарағанды облысы
8440 просмотров

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы облыс әкімінің сыни пікіріне жауап берді

Естеріңізге сала кетейік,  2017 жылдың 27 қаңтарында Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жұмысына қатысты сыни пікір айтқан еді.

Дәлірек айтсақ, облыс басшысы «өңір экономикасын дамытуға қатысты индикативтік көрсеткіштер орындалмауы» салдарынан «шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер айтарлықтай өспеді», – деген еді. Одан кейін, облыс әкімі Палата «Мемлекет басшысы талап етіп отырған 100 млн доллар инвестицияны» тартпады, оның орнына «ұжымдық адвокатқа айналды» деп сынаған болатын.

Осыған орай, Палатаның басты міндеті бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау екенін ұмытпаған абзал. Палата міндетіне, әкім атап өткен, инвесторларды тарту ісі енбейді, бұл мақсатта облыс әкімдігінде «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылған. Сондай-ақ, аталған қызметті облыстық әкімдік жанындағы тиісті басқармалар атқарып келеді. Сол себепті, инвесторларды тартуға қатысты нәтижесіз жұмыс көрсеткішіне Палата кінәлі емес. Бұл ретте, инвесторларды тарту мәселесі Кәсіпкерлер палатасының тікелей міндетіне жатпайтынына қарамастан, жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге және инвесторлар іздеуге қатысты 11 іс- шара өткізілді. Олардың қатарында бизнес-миссиялар, В2В кездесулер, көрмелер және тағы басқалар бар. Палата өз кезегінде, әр жоба толық жүзеге асырылғанша, оған сүйемелдеу көрсетеді. Палатаның басты мақсаты да сол – жобаны қаржыны бөлу кезеңіне дейін «жеткізіп», өндіріс орнының ашылуына сеп болу. Және мұндай жобалар саны – 1060. Былтыр облыс кәсіпкерлері 4,2 млрд теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізіп, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Айта кетерлігі, Палата, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметін дұрыс түсіне бермейтін жергілікті атқарушы органдармен бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Ұлттық палата бұған дейін мұндай жағдайлармен талай мәрте бетпе-бет жолықты. Әлі күнге дейін, облыс әкімдіктері Өңірлік палатаға «26-шы басқарма» деп қарайтын көрінеді. Осылайша,  ӨКП жұмысының индикативті көрсеткіштерге қатысы жоқ, ал өңірдегі Палата жетекшілері облыс басшысына есеп беруге тиісті емес. Тағы бір айта кетер жайт, Палата жергілікті атқарушы органдармен өте тығыз байланыс орната білген. Десе де, Ұлттық палатаның басты міндеті кәсіпкерлер құқығын қорғау, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасау, өз кәсібін жаңадан ашып жатқан немесе кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетіп, оларды оқыту болып табылады.

Шынында да, Палата – көп жағдайда кәсіпкерлердің адвокаттары болып келеді. Палатамен тығыз жұмыс жасаудың арқасында, бүгінде кәсіпкерлер өз мүддесі мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік алуда. Тек 2016 жылдың өзінде Палатаға 357 өтініш келіп түсті. Олардың ішінде кәсібін қорғау мақсатында түскен өтініштер саны – 314 болды. Нәтижесінде, ӨКП бизнестің 1 млрд 500 млн теңгедей қаржысын қорғап қалды. Аталған өтініштердің ішіндегі басты жетістік – Долинка, Новодолинка және Шахан ауылдарындағы кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Естеріңізде болса, Шахтинск қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті жекеменшік кәсіпкерліктің 367 субъектісіне жер салығы мөлшерлемесін қымбаттатып жіберді. Көңіл қуантарлығы, Палатаның араласуымен, аталған жағдай тоқтатылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы көлемі 210 млн  теңгені құрайтын қаражаты қайтарылды, ал кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетерлігі, 2016 жылы жергілікті деңгейде 16 әкімшілік кедергі анықталған еді. Әкімдікпен өзара тығыз жұмыс жасау арқасында, аталған мәселелердің барлығы оң шешім тапты.

Сонымен бірге, облыс әкімі «екі жылдан бері кәсіпкерлерге арналған бір орынның ашылуын күтіп келе жатқандығын», оның тіпті «қай жерде ашылатынын саусақпен түртіп көрсеткенін» айтып шүйлікті. Расымен, Қарағанды облысы әкімдігі қаланың орталығында орналасқан ғимаратты Кәсіпкерлер үйі ету туралы ұсыныс айтқан еді. Аталған бизнес-орталыққа барлық кеңселерді көшіруге қатысты облыс әкімдігінің хатына қарамастан,  институттардың барлығы дерлік бұл ұсыныстан бас тартты. Жағдайдың осылайша өрбуіне қарамастан, ӨКП «бір терезе» қағидатымен жұмыс жасау туралы ұсыныс жасады.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы аталған пікірмен келіспейді. Себебі, 2017 жылдың наурызында Қарағанды қаласы орталығында толық форматты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады деп күтіліп отыр. Бұл ретте, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы аталған игі істің бастамашысы болып саналады, ал таяу арада өтетін ашылу салтанаты – ӨКП жұмысының нәтижесі болмақ.

Жалпы, Палата бизнесті дамыту институттарының басын қосатын Кәсіпкерлер үйін шаһардың орталығында орналастыруды көздеген еді (Кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Инвесторларға қызмет көрсету орталығы, «ҚазАгро» ҰХ» АҚ және т.б.). Айта кетер жайт, Кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» КДҚ АҚ консультанттары қызмет көрсететін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Қарағанды қаласының шетіндегі ықшам аудандардың бірінде орналасқан (Қарағанды қаласы, Оңтүстік-Шығыс ауданы, Құрылысшылар даңғылы, 4). Ал, осы орайда,  агроөнеркәсіп кешенін дамыту институттары дүкендер мен сауда орталықтарында орналасқан («Дәулет» сауда үйі). Салдарынан, аталған институттарға бару қиынға соғып, фермерлер мен ауыл кәсіпкерлеріне қолайсыздық тудырып отыр.

ӨКП, өз кезегінде, «бір терезе» қағидатымен кешенді қызметтер ұсынып, бизнеспен тиімді жұмыс істеу керек деп санайды.

Сол сияқты, кәсіпкерлікке көрсетілетін консультациялық және сервистік қызметтердің маңыздылығына тоқталып өткен жөн. 2016 жылы Кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталығына (КҚО) облыс бойынша, өз кәсібін ашқысы келетін 6400 клиент көмекке жүгінді. Аталған орталықтарда «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу» және «Жобалық оқыту» бағдарламалары бойынша 1305 адам оқу курсын тәмамдап, олардың 150 жобасы қаржыландырылды. Бұдан бөлек, бизнес субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарды қысқа мерзімді оқыту аясында, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 299 адам білім алып, олардың 119-ы 317 млн теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді.

Сонымен қатар, КҚО-ға 3433 шағын және орта бизнес өкілдері бухгалтерлік, құқықтық және салық мәселелері бойынша көмекке жүгінді.

Сол себепті, Палата мемлекеттік органдардың есебі үшін емес, бизнес мүддесі үшін жұмыс істемек!

Әрине, заңсыз айыппұлдарды алып тастап, әкімшілік кедергілерді жойғаннан кейін, жергілікті бюджетке жоспарланған қаражат көлемінен аз сома түсуі мүмкін. Алайда, бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы, жергілікті атқарушы орган айтарлықтай табысқа жетеді деген ойдамыз. Осы орайда, әр кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды сезінуі тиіс және дәл осы бағытта өңірлік Палата аянбай еңбек етіп келе жатыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер