«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көрмеге көрік берген өнімдер

2016 жылғы 24 Қараша
- Қарағанды облысы
11736 просмотров

Жақын арада құрғақ бие сүтінен дайындалатын саумал да қымыз сияқты халықтың сүйікті сусынына айналуы мүмкін

Қалай дегенмен, керемет емдік қасиетке ие жаңа өнім өзге елдердің нарығын да жаулап алуы мүмкін. Оның үстіне ол көптеген сырқат адамдардың, балалар мен спортшылардың рационында таптырмас дәм саналады. Қазіргі кезде жаңа өнім «Қазақстанның үздік тауары» атағына үміткер.

Республикалық көрме-байқау 18-19 қараша күндері Астана қаласында отандық тауар өндірушілердің «Ұлы дала елі» ІІ форумымен қатар өтті. Қос шара да «Көрме» орталығында шымылдығын түрді. Онда өңірлік байқаулардың жеңімпазы атанған 145 компания өз өнімдерін ұсынды.

«Еуразия Инвест Лтд» ЖШС зауыты неміс технологиясын пайдаланады, ол жаңа сауылған жылқы сүтінің барлық пайдалы құрамын толықтай сақтап қалуға мүмкіндік береді. Оның үстіне құрғақ өнімнің бірқатар артықшылықтары бар: сақтау мерзімінің ұзақтығы, ықшамдылық, тасымалдауға жеңіл. Бұл өнімнің баламасы Қазақстанда ғана емес, посткеңестік кеңістікте де жоқ. Емдік бие сүтінің құрамында құнды макро, -микроэлементтер, эссенциалды майлы қышқылдар және дәрумендер мол. Өндіріс экспортқа бағытталған, саумал тамақ, фармацевтика және косметология өнеркәсібінде сұранысқа ие.

Көрмеге келушілер өңірлік байқаудың жеңімпазы – Балқаштағы «Пульс» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС стендін назардан тыс қалдырмады. Кәсіпорын өткен жылы ашылып, ондаған жұмыс орны құрылды. Бұл кәсіпорын Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев бастамашылық еткен моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасының, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қаржы институттарының арқасында іске қосылған. Бүгінгі таңда кәсіпорында 65 түрлі өнім шығарылады. Мамандар заманауи еуропалық рецептураларды пайдаланады және кебек, зығыр, күнбағыс, асқабақ, күнжіт, көкнәр, құрма, қара өрік, жүзім, кептірілген өрік, жүгері, құмық пен кептірілген сәбіз қосылған нанның диеталық сұрыптарын шығарады.

Байқаудың азық-түлік тауарлары саласындағы тағы бір жеңімпазы – «К.Маркс атындағы құс зауыты» ЖШС. Аталған кәсіпорын нарықта «Курочка Ряба» және «Куд-Куда» брендтерімен танымал. Құс зауытында қуаттылығы сағатына 8 тонна болатын құрама жем зауыты бар. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, үздік неміс фирмаларының жабдықтарын пайдалану құс өсіру орындарының санын арттыруға, еңбек шығынын аз жұмсай отырып, көп жұмыртқа алуға мүмкіндік берген. Бұл құс өсірушілердің жұмысын жеңілдетіп, лайықты еңбекақымен қамтамасыз етеді.

Өткен жылдан бастап байқауға ірі және орта бизнес өкілдері ғана емес, жеке кәсіпкерлердің де қатыса алатындығы мәлім болды. Бұл, бір жағынан, оны қызықты және жан-жақты ете түсті, ал екінші жағынан сұраныс, өткізу нарығын іздеу, экспорт саласындағы проблемаларды айқын көрсетті.

Мәселен, шағын өндірушілер, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы өндірушілер шағын тауар өндіретіндіктен, сауда нүктелеріне шыға алмайды, деп атап өтті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов форумда сөйлеген сөзінде. Оның айтуынша, Ресей жүріп өткен жол бар: онда отандық тауар өндірушілердің үлесі 50 пайыз болу керек деп заңнамамен қатаң бекітілген. Өнімдерін сол сөрелерге шығару үшін, шағын, қажет болса, орта бизнесті субсидиялау керек немесе көмек беру қажет.

Қарағандылық «ЭТФ» ЖШС өзінің нарықтағы тәжірибесімен бөлісті. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрі өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа арналған электр-техникалық бұйымдар шығару. Бүгінде кәсіпорын өз өндірісін клиент сұранысы мен маусымға сай түрлендіре алады. Оған қоса, шығарылатын өнімдер түрінің көптігі бәсекеге қабілеттілік пен тұрақтылыққа кепіл бола алады.

Астанада өткен байқауда Қарағанды облысы «Теміртау электрометаллургия зауыты» акционерлік қоғамын ұсынды. Оның негізгі қызметі – марганец кені мен әктас өндіру, олардан ферроқорытпа және кальций карбидін шығару; «Tau Ken Temir» ЖШС техникалық кремний зауыты; ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруші «Мутлу гипс» ЖШС; қағаздан жасалатын гигиеналық өнімдерді шығаратын «Sunpaper» ЖШС.

 Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі үш аталым бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Халық тұтынатын үздік тауарлар»; «Үздік азық-түлік өнімдері».

Байқау дипломанттары әр аталым бойынша республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің белгісімен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ олар төрт жыл бойы байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын иеленеді. 6 желтоқсан күні жеңімпаздар «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарымен бірге марапатталады. Оған Елбасы қатысады. Биыл Қарағанды облысынан оған 10 компания қатысып жатыр.

«ALIAN» ЖШС, «Теміртау Ассосиейшн», «Қарағанды түсті прокат зауыты», «Светотехника» кәсіпорындары байқаудан тыс қатыстырылуда. Бастаманың берері көп болды: бизнес өкілдері В2В форматында кездесулер өткізіп, мазалап жүрген сұрақтарына бірінші тұлғалардан жауап ала алады және т.б.

Форумның маңызды тақырыбы өнімдерді экспорттауға арналды. ҰКП Басқарма Төрағасы бұл функцияны Ұлттық палатаға беру мәселесі шешіліп жатқандығын мәлімдеді. «Біз желтоқсанда-ақ Қытай, Ресей және Иран сияқты жақын нарықтарға нақты жол карталары бар экспортты дамыту стратегиясын әзірлеуге дайынбыз. Мемлекеттік машина қолайсыздау және әрдайым нарықтың мүдделеріне сай келе бермейді», – деді Абылай Мырзахметов. Ол Ресей экспорттық орталығын мысалға келтірді, соның жұмысының арқасында көрші мемлекет Қазақстанға өнімін көбірек сатуға мүмкіндік алды. «Егер ең болмағанда жақын көршілеріміздің нарығына шығамыз десек, бізге өміршең құралдар қажет», – деп атап өтті ол.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын «Ұлы дала елі» брендін пайдалану құқығын беретін байқау өткізу туралы бастама көтерді. Аталым жыл сайын Қазақстан брендін халықаралық ауқымда дамытып жүрген отандық тауар өндірушілер мен қызмет ұсынушыларға табыс етіледі. «Ұлы дала елі» белгісі еліміздің визиттік картасы бола отырып, сапалы өнімдер мен қызмет түрлерін бірыңғай бренд аясында біріктіруге мүмкіндік береді. Әсіресе жеңімпаздарға берілетін қосымша мүмкіндіктер мен артықшылықтарды ескерер болсақ, бір жағынан бұл өндірушілер үшін салмақты ынталандыру болады, екінші жағынан халықаралық аренада Қазқстанның танымалдылығы мен имиджі артады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер