«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бағалы заттар туралы жаңа заң: Ломбардтар әзірге тексерілмейді

2016 жылғы 14 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
14414 просмотров

Қазір хабарламалар жіберу, кездесулер өткізу сияқты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Бұрынырақ хабарлағанымыздай, 2016 жылдың 17 шілдесі күні «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» жаңа заңның нормалары күшіне енді. Осы заңға сәйкес, сынама таңбасы жоқ зергерлік бұйымдар мен басқа да бұйымдарды Қазақстан Республикасы аумағында сатуға рұқсат етілмейді. Қазіргі таңда бұл құжат ломбардтарды тұйыққа тіреді. Нақтылар болсақ, ломбардтардың қосымша шығынға ұшырау мәселесі туындады. Өйткені олар сатқан зергерлік бұйымдарда ҚР Сынама палатасының таңбасы болу керек.

Ломбардтар өкілінің айтуынша, зергерлік бұйымдарды сату олардың негізгі қызметі емес екен. «Біз халыққа шағын мүлікті кепілге алып, қарыз беретін ұйымбыз. Ешқандай сынамасы жоқ раритет алтындарды немесе жәдігерлік заттарды алып келеді. Егер клиент бұйымдарын қайта сатып алмаса, біз оларды сатуға мәжбүрміз. Енді заң міндетті түрде сынаманың болуын талап етіп отыр. Ломбардтар үшін бұл қомақты шығын, өйткені тасымал үшін және қауіпсіздікпен немесе инкассаторлық қызметпен қамтамасыз ету үшін біраз шығын шығаруға тура келеді. Біз алған мәлімет бойынша, бір бұйымға таңба салу 135 теңге екен, алайда бұл сома бағалы металдардан зергерлік бұйымдар жасаушыларға және өздерінің таңбасын Сынама палатасында тіркеп қойған зергерлерге арналған. Бұдан туындайтын сұрақ – уәкілетті орган ломбардтарға арнап бөлек баға қоя ма», – деп сауал тастайды «Ломбард Гарант KZ» компаниясының  заңгері Руслан Дүйсенбаев.

Қазіргі таңда «Ломбард Гарант KZ» Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасына үндеухат жіберді. Шілде айында ломбардтар мен техникалық реттеу және метрология департаментінің өкілдері қатысқан дөңгелек үстел басында заңнамадағы жаңалықтарды талқылағаннан кейін, облыстың өзге де ондаған ломбардтарынан ауызша өтініштер түскен-ді.

Ломбардтар ҚР «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заңының 13-бабына өзгертулер енгізуді сұрауда. «Ломбардтарды жай ғана сатушылар тізімінен алып тастау қажет. Бұл барлық мәселелерді шешеді және ешқандай наразылық болмайды», – деп мәлімдеді Р.Дүйсенбаев.

Ломбард заңгері олардың тәжірибелерінде алтынның құрамы мен сынамасы туралы даулардың болмағандығын айтты. «Күмәнданған клиенттер болған, алайда дәл соны сынаманы зергерлер де, Сынама палатасы да растап берді».

Сынамасы мен таңбасы жоқ зергерлік бұымдарды сатқаны үшін кәсіпкерлерге 150 АЕК-ке дейін қомақты айыппұл төлеуге тура келеді. Алайда департамент қазірше тексеріс жүргізбейді. «Бұл заң бірыңғай құжат ретінде нарыққа қатысушылардың барлығы үшін қабылданған. Заң жобасы туралы бастама көтергенде тұтынушыны қорғау туралы міндет тұрды. Олар шынайы құнды затты сатып алулары қажет, олардың зергерлік бұйымның сапасы мен шығарылған орны туралы күдігі болмауы керек. Кәсіпкерлер палатасының қазіргі міндеті тараптардың бірі – ломбардтарды қорғау. Сонда заң жобасы бағалы металдар мен асыл тастарды шығарушылардың, оларды сатушылардың (яғни, зергерлік дүкендері) жағдайларын ескере отырып шығарылған болып шығады. Техникалық реттеу және метрология департаментіндегілердің сөзіне сенсек, қазір бағалы металдардан жасалған бұйымдарды сататын нүктелерді ешкім тексергелі жатқан жоқ. Қазірше хат жіберу, кездесулер өткізу сияқты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сол арқылы «сіздер білуге міндеттісіздер» деп кәсіпкерлерге жай ғана ескертуде», – деді Қарағанды облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдениет Божбанов.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Қарағанды облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің мәліметі бойынша, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сату нүктелерін тексеру жоспары әлі бекітілмепті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер