«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылша өсірудің қыр-сыры

2016 жылғы 16 Тамыз
- Жетісу облысы
11169 просмотров

Шаруа қожалықтарының иелері қызылша өсіру жөнінде өткен семинарларда жаңа тәсілдерді үйренді

Ескелді ауданының «Хильниченко» шаруа қожалығының негізінде қызылша өндіруші кәсіпкерлерге арналған семинар өз жұмысын бастады. Шаруаларға гектарынан 600-700 центнер өнім алуды үйрету мақсатында, қант қызылшасын өсірудің жаңа технологиялары баяндалды. Дегенмен, бұл аудандағы және кәсіпкерлер үшін таныс тақырып. Бұдан бөлек, оқыту жұмыстарының «Хильниченко» шаруашылығында жүргізілуі де бекер емес. Облыста шаруа қожалығының басшысы Виктор Хильниченконы Жетісудың бас қызылша өндірушісі деп атайды. Ол алғашқылардың бірі болып жаңа технологияларды енгізіп, тығырыққа тірелген шаруашылық жұмысын жандандырды.

Фермерлерге жаңа білім мен мол тәжірибелерді қант қызылшасын өсіру технологиясы жөніндегі кеңесші, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов үйретті. Оның айтуынша, бұл семинар дуальды білім беру негізінде өтіп жатыр және де кәсіпкерлерге арналған басқа семинарлардан инновациялық тәсілімен ерекшеленеді.

Оқытудың маңызы мен тиімділігін қатысушылардың өздері атап өтуде.

Нұрғызар Жайылбаева – семинардағы жалғыз кәсіпкер әйел. Ол 10 жылдан астам уақыт өзінің шаруа қожалығын басқарып келеді. Шеберлік сағатында алған білімін өндірісте пайдалануды мақсат тұтып отыр.

«Қант қызылшасын өндіру жұмысы сенің еркек немесе әйел екеніңді таңдап жатпайды. Әлбетте, барлық кәсіп түрі сияқты, қызылша өндіру де – бизнестің қиын түрі. Ақыры қызылша отырғызған екенсің, оны баптап-күту керек. Сол себепті өтіп жатқан шеберлік сағаты біз үшін біліктілігімізді арттыруда таптырмас құрал болып есептеледі. Мен бүгін өзіме көп пайдалы ақпараттарды түртіп алып отырмын. Өз басым осы саланың барлық қыр-сырымен етене таныс болсам да, жаңа білімнің артық болмайтынына сенімдімін. Мысалға, қант қызылшасын өсіруде қандай нормалар мен көрсеткіштердің бар екенін өзіме жазып алдым. Қандай дәрілер мен тыңайтқыштарды пайдалану керек, қандайларын пайдаланбау керектігін де білдім», – деді кәсіпкер.

Айтпақшы, Нұрғызар Жайылбаева – «Бизнес-өңірлер» жобасының қатысушысы, алғашқылардың бірі болып 4 млн көлемінде несие алған кәсіпкер.

«Мен алған барлық несиемді жұмсап біттім. Биылғы жыл жаңбырлы болды. Сол себептен осы маусымның өзінде егістікті арамшөптерден төрт рет тазалап шығуға тура келді. Әдетте арамшөптерден тазалау жұмыстарын үш рет жүргіземіз. Сол үшін біз несиені жұмыскерлердің ақысын төлеуге, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсадық», – деп атап өтті.

Семинардың тағы бір қатысушысы – Зейнеқабыл Қалманбетов. 20 жылғы жұмыс өтілі бар тәжірибелі агроном, семинарлар инновациялық білім алуға үлкен мүмкіндік береді деп есептейді.

«Аталған семинар кәсібін енді ғана бастап келе жатқандар үшін өте пайдалы. Біз де, тәжірибелі шаруа қожалықтары болсақ та, дәріс барысында жаңа дүниелерді үйренудеміз. Қызылша өндіруге арналған семинар, қызылша өсірудің пайдалы әрі тиімді екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді», – деді агроном.

«Шығыс» шаруашылығының басшысы Максим Ким де дәл осындай пікірде. Қызылша өндіру шаруашылығын енді ғана бастаған кәсіпкер үшін, бұл алғашқы семинар. Биылғы жылы тәжірибе үшін 3 гектар қызылша еккен.

«Семинардың арқасында өзімнің жіберген қателіктерім мен олқылықтарымды ескердім. Алған білімімді келесі жылы шаруашылығымда жүзеге асыруды жоспарлап отырмын. Мемлекетке кәсіпкерлікті қолдап отырғаны үшін алғысымды айтамын. Біз көп уақытымызды егістік алқабында өткізетіндіктен, осындай семинарларға қатысу біз үшін жаңа, өзгеше  шара болып отыр. Өйткені оған қатысуға мүмкіндігіміз бола бермейді», – дейді М.Ким.

Шаруаларға арналған семинарлар «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта Алматы облысы бойынша барлығы 90 оқыту семинарын өткізу жоспарлануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер