«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер салықты артық төлеген

2016 жылғы 10 Тамыз
- Қарағанды облысы
9076 просмотров

Қарағанды облысының прокуратурасы Шахан, Долинка, Новодолинка кенттерінің кәсіпкерлеріне салынған жер салығы мөлшерлемесін заңсыз деп тапты

Өңірлік Палатаның арызына берген жауап хатында облыстық прокуратура «анықталған заң бұзушылық бойынша прокурорлық жауап беру шаралары қолданылатындығын» хабарлайды.

Естеріңізге сала кетсек, Шахан, Долинка, Новодолинка кенттерінің кәсіпкерлері заң бойынша бекітілген мөлшерлемеден 8,5 есе көп жер салығын төлеп келген болатын. Аталған мәселе бір жарым жылдан бері Кәсіпкерлер палатасының жұмыс кездесулері мен отырыстарында бірнеше рет көтерілген-ді.

Өңірлік Кеңестің мүшесі Сапар Ыбыкеев бизнес-омбудсмен Болат Палымбетовпен 2016 жылдың шілде айында өткен кездесуде бұл мәселені тағы бір мәрте ортаға салды.

Облыс прокуратурасы өзінің хатында «облыстық өкілдік органдар мен атқарушы органдар үкіметтің келісімі бойынша ортақ шешіммен қала шекараларын бекітіп, өзгертуде және кенттерді, ауылдарды бір ауданнан екінші бір ауданға немесе қалалық органдар билігінің қарауына беру туралы мәселелерді шешуде» дегенге назар аудартады. Аталған бастаманы Үкімет қолдап, мақұлдаған. Ол туралы 2008 жылдың 29 мамырында «Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, Бұқар жырау және Абай аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы» №517 қаулы шығарылған. Алайда осыдан кейін облыс әкімдігі мен мәслихаты шекараларды өзгерту туралы ортақ шешім шығарулары қажет болатын, бірақ рәсім сақталмады, нәтижесінде елді мекендердегі ауыл кәсіпкерлеріне қалалықтармен тең дәрежеде салық төлеуге тура келген.

«Үкімет бұл ұсынысты қолдады, алайда жұмыс аяқталмай қалды: жерлерді беру туралы, аумақтарды бөлу туралы ешқандай құжат жоқ. Сәйкесінше, заң жүзінде жерлерді беру іске асқан жоқ және бөлім салық мөлшерлемелерін заңсыз қабылдаған», – деп жағдайды түсіндіріп берді ӨКП бөлім басшысы Азамат Дәненбаев.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің маусымдағы отырысында Палата сарапшылары үкіметтің қаулысы біріншіден, салықтық құқықтық қатыныстарды реттемейтіндігін, екіншіден, елді мекеннің шекарасын өзгертуге негіз бола алмайтындығын, тек қана келісім беру актісі ретінде саналатындығын атап өткен еді. Сонда Кеңес мүшелері қателіктің қайдан бас көтеріп жатқандығын анықтады: кенттерді қала шегіне қосу туралы шешімді Шахтинск қаласының жер қатынастары бөлімі аталған қаулы негізінде шығарған, яғни бөлім кенттерді бөлу облыстың жергілікті атқарушы органдарының құзыретінде  екендігін ескермеген. Соңғысы, өз кезегінде, елді мекендерді тарату туралы шешімді қабылдамаған.

Қарағанды облысы Шахтинск қаласы шекарасының кеңеюі салдарынан жақын маңда жатқан қысқартылған кенттердің кәсіпкерлеріне салық жүктемесі жердің әр шаршы метріне 0,96-дан 8,2 теңгеге дейін артқан. Айта кетерлігі, елді мекен мәртебесі негізінде төленетін жер салығы мен бюджетке міндетті төлемдер де әртүрлі. Егер кенттердің аумағында орналасқан жер салығы облыстық мәндегі қала ретінде төленіп келсе, алкогольдық өнімдерді сатуға лицензия алымы кент мәртебесіндегі елді мекеннен жиналатын алым ретінде төленген, яғни 70 АЕК мөлшерінде. Осылайша, уәкілетті органдар заңмен бекітілген нормаларды елемеген, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілеріне салық жүктемесін қолдан көбейткен.

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Айман Түкбаева сол кезде бұл жағдай жергілікті атқарушы органдардың жұмысты аяқсыз қалдыруының салдары екендігін атап өткен еді.

«Бізде Шахтинск қаласының әкімдігі кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Олар елді мекен мәртебесі ауысқаннан кейінгі өзгерістер туралы білмейді. Мәселен, қазір жоқ болып саналатын кент әкімдіктерінің неге таратылмағаны түсініксіз. Және неліктен бизнес салықтарды заңсыз мөлшерлемелер бойынша төлеп отыр?», – деді ол.

Кәсіпкерлер арасында жер салықтары туралы мәселе 2013 жылы туындаған еід, олар Палатаға 2015 жылдың наурыз айында келді, міне сол кезден бері аталған мәселе бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселе ведомство басшылықтарымен, ҰКП өкілдерімен өткен барлық кездсулерде ортаға салынып келді. Нәтижесінде жағдайды салықтарды 3,5 жылдан бері асыра төлеп келген кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік туды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер