«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету жайы қаралды

2016 жылғы 08 Тамыз
- Ақмола облысы
7501 просмотров

ҚР Премьер-министрі ақмолалық шаруа иелерімен Астана қаласының азық-түлік белдеуін құру мәселесін талқылады

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ақмола облысына іссапары барысында жастармен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, білім және туризм мәселелерін талқылаудан бөлек, «ЕсілАгро» ЖШС базасында өткен Астана аумағында азық-түлік белдеуін құру мәселелері бойынша жиынға қатысты.

Аграрлық сектордың жұмыс барысымен таныстыра отырып, Премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов  Астана қаласын  азық-түлікпен қамтамасыз етуге Ақмола облысының толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Оның ойынша, жеке қосалқы шаруашылықтарға басты назар аудару керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің анықтамасына жүгінсек, тек қосымша шаруашылықтардың өзінде жарты миллион тоннаға дейін сүт өндіріледі. Алайда өңдеуге оннан бір бөлігі ғана жетеді.

Жиын барысында 150 сүт жинау нүктесін, оның 6-ы азық-түлік белдеуінде орналасқан, 2,5 мыңнан аса отбасылық бордақылау алаңдарын құруға арналған жоспар назарға ұсынылды. ҚР Премьер-министрінің сайтында хабарланғандай, «жеке қосалқы шаруашылықтар, сондай-ақ шаруа және фермерлік қожалықтар алыпсатарларға сиыр етінің килограмын 750-800 теңгеден өткізеді. Алайда аталған өнім базарларда 1 200-1 300 теңгеден сатылып жатыр».

«Өндірушілермен салыстырғанда, еш шығынсыз-ақ, алыпсатарлар бағаны екі есе өсіріп отыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

Асқар Мырзахметовтың айтуынша, бұл мәселе көтерме-үлестіру орталықтарын құру арқылы шешілуі мүмкін.

Аталған жайтпен бүгінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналысуда. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, сауда орталықтарының ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тікелей жұмыс істеуіне кедергі болып отырған бірқатар жағдайлар бар. Оның айтуынша, мынадай деректердің әсері басым: ауыл шаруашылығындағы тауарлардың ұсақтығы, фермерлер арасында кооперацияның жоқтығы, циклдік жабдықтардың жоқтығы, қажет өнім көлемінің аздығы, сатуға алдын ала дайындаудың болмауы, жеткізу инфрақұрылымының құрылмауы, отандық азық-түлік өндірісін сатып алуға ынталандырудың болмауы.

Нұржан Әлтаев мұның шешімін келесідей көретінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Астана қаласы бойынша сауда желілерінің және нарықтың сұранысын зерттеу, Ақмола облысының әрбір ауданынан кооперативтер құру. Инфрақұрылымға, кооперативтерге жеңілдетілген несиелік ресурстар бөлінген жөн. Астана қаласының орталығынан отандық өнім өндірушілер өз тауарларын ұсына алатын көтерме-үлестіру орталығы ашылса, бұл мәселе түбегейлі шешімін таппақ.

«Біз бұл жұмысты Алматы және Алматы облысында бастап кеткенімізді айта кеткен жөн. Оңтүстік астананың сауда желілерінің сұранысы бойынша 11 кооператив құрылды. Олар сауда орталықтарымен келісімшартқа отырып, алғашқы өнім жеткізу жұмыстарын қазірден бастап кетті. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімдігімен, қалада көтерме-үлестіру орталығын салу туралы шешім қабылданды», – деп баяндады ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер