«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түн ұйқысын шырт бұзған тексеріс

2016 жылғы 25 Шілде
- Қарағанды облысы
9662 просмотров

Қарағандыдағы базарда «лаңкестік қауіп» деген сылтаумен заңсыз тексерулер жүргізілген

«Салық маманы «Қазір қауіптіліктің сары деңгейі. Біз  мұнда әскер әкелеміз, бәріңді қуамыз» деп үркітті», дейді «Шығыс» базарының қауіпсіздік қызметі басшысы Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің «шабуылы» жайлы. Оның сөзіне қарағанда, тексерушілер түн жамылып келіп, саудагерлердің тауарларын тінте бастаған.

Облыстың Кәсіпкерлер палатасы  мәжілісінде «Шығыс» базарында болған түнгі оқиға жайлы  мәлім болды. Салықшылардың  қоқан-лоққысына ұшыраған саудагерлер мен базар басшылығы арызданып келді. Сөйтсек, олар шілде айының басында заң бойынша тексеру жүргізген, бірақ бұл жайында базар әкімшілігін де, саудагерлерді де хабардар етпеген екен. Мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері көлік инспекциясымен бірге базарға түнде келіп, «Шығыс» базары аумағындағы көкөніс пен жеміс тиелген  жүк машиналарын ұстай бастайды. Аты-жөндерін айпаған, өздерін таныстырмаған, тексеру тағайындау туралы нұсқаманы көрсетпеген. Күзет бұлардың салықшылар екенін тек бейдждеріне қарап қана білген.

«Бізге көрсеткендері – тек жұмыс орнынан анықтама және салықшылардың бірінің куәлігі. Нұсқаманы көрсетуді өтінгенде, олар «Біз ешкімге ештеңе көрсетуге міндетті емеспіз», деді, сосын барлық сұрақтарды басшылары Марғұлан Айсиновке  қоюға кеңес берді. Мен базар аумағы үлкен, сондықтан басшылыққа кіріп-шыққан жөн болады дедім», – деп әңгімелейді «Шығыс» базары қауіпсіздік қызметінің басшысы  Қайрат Алтынбеков.

Салықшылар сол түні саудагерлерге қоңырау шалып, базарға шақырады. Сөйтсек, олар ҚҚС төлеуден жалтарды деген күдікке ілініпті.  «Шығысқа» көкөніс пен жеміс-жидек Қырғызстаннан әкелінеді, ол Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді, ал баж салығы алынып тасталған, дегенмен 12 пайыз төленуі тиіс. Бірақ оны жүк рәсімделген адамдардан талап етудің орнына саудагерлерден сұрайды. Кәсіпкерлердің бірі осы жайлы қынжыла айтты. Ол Палата мәжілісіне әріптестерімен бірге келді, бірақ залға кіргісі келмеді. 

«Жалпы салықшылар «Тауар құнынан ҚҚС төлеуге тиістісіңдер», деді, мен келіспедім. Заңгерге бардым, ол ештеңе төлеуге тиісті емес екенімді айтты. Жүк маған рәсімделмеген, оны Қазақстанда қабылдап алған мен емеспін. Патентім бар. Салықты мүлтіксіз төлеймін, әлеуметтік аударымдарды аударып отырамын. Мен неге Қырғызстан азаматы үшін ҚҚС төлеуге тиістімін?», – дейді кәсіпкер Алтын Махадиева.

Мемлекеттік кірістер органы тексеруі 8 шілдеде аяқталды. Алайда кәсіпкердің сөзіне қарағанда, салықшылар түнде қоңырау  шалып, мазалайды, қорқытып-үркітеді, «Қылмыстық іс қозғаймыз», деп кіжінеді. «Шығыс» саудагерлері мұндай қысымды көтере алмай, қосымша құн салығын өз қалталарынан төледі. Сонымен қатар 11 жеке кәсіпкер базар басшылығына өтініш жазды. Көмектесуді өтінді. Ал базар басшылығы өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасынан жәрдем сұрады. Шын мәнісінде мұның алдында бұл мәселені бейбіт жолмен шешпекші болды. 

«Түсінесіз бе, қазіргі жағдай өршіп, шиеленісіп тұр. Арызданған соң Марғұлан (мемлекеттік кірістер басқармасының тексерушілері тобының басшысы) келді. Ол директормен және күзет қызметі бастығымен сөйлесті. Олар базарды дүрліктірмеуді, елді шошытпауды өтінді. Қорқытып-үркіту жақсылыққа апармайды. Жауап былай: «Қорқатын дәнеңе жоқ. Қазір сары деңгей. Әскерилерді әкеліп, быт-шыттарыңды шығарамыз». Осының айтып тұрған адам – мемлекеттік органның өкілі. Біз халықты тыныштандырамыз ба десек, одан сайын қоқиланады», – деп қынжылады «Шығыс» қауіпсіздік қызметінің басшысы.

Өкінішке қарай, сол тексеруге қатысқандардың бір де бірі Кәсіпкерлер палатасына келген жоқ. Шақырса да келмеді. Дегенмен, Мемлекеттік кірістер департаментінің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы  Аян Таханов келді.  Ол әріптестерінің сөзін сөйлеп, тіпті олар салықшылар емес шығар деген ой айтты.  

«Біз кісінің зығырданын қайнататын деректі айтып отырмыз! Неге бұл адамдар өздерін таныстырмайды және нұсқауларын көрсетпейді. Бәлкім, бұлар біздің қызметкерлеріміз емес шығар. Прокуратура жанында мұндай арыздарға жауап қатуға құрылған жедел топ бар. Соларды шақыру керек еді», – деп түсінік берді Аян Таханов.

Бұл сөздерді тыңдап болған соң «Шығыс» қауіпсіздік қызметінің басшысы тағы бір деректі еске алды. Базарды  тексеру кезінде  саудагерлерді басқа базарға көшуге үгіттеген адамдар төбе көрсеткен. Ол оңтүстік-шығыста, Спасск тас жолында орналасқан.

«Олар егер саудагерлер сол базарға көшсе, салықшылармен де, полициямен де түйткіл мәселелер болмайды, өйткені ол базар жоғары шенді шенеуніктің базары деп те айтты», – деді Қайрат Алтынбеков.

Мұндай сорақылықтар Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Серік Төрегелдиннің және облыс прокурорының орынбасары Аспенби Жарылғасовтың ашу-ызасын тудырды. С.Төрегелдин бұл ахуалды осыдан 20 жыл бұрын Қарағандыда болған оқиғамен салыстырды. «90-жылдарға қайтып оралдық па? – дейді Серік Төрегелдин. – Баяғыда кәсіпкерлерге «крыша» боламыз деп әлдебір «пахандар» келуші еді».

«Барып тұрған сорақы дерек! Бұл-рэкэт! Зығырданың қайнайды! Мұндайға жол беруге болмайды!» – деді оқиға орнына келген облыс прокурорының орынбасары. 

Бұдан соң облыс прокурорының орынбасары ахуалды анықтауға мұрсат беретін уақыт сұрады. Егер базар басшылығы  мен саудагерлердің ақпараты расталса, «рэкэтирлер» өз жазасын алады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер