«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Зергерлік өнерге мемлекет қамқорлығы

2016 жылғы 07 Шілде
- Қарағанды облысы
6370 просмотров

Қарағандыдағы зергерлік кәсіпорын иесі мемлекет көмегімен жеке бизнес ғимаратын салып, енді осындай қамқорлықтың арқасында жаңа құрал-жабдық сатып алмақ райда

Өз нарығында танымал брендке айналған «Жемчужина» зергерлік кәсіпорнының өнімдері ұлттық нақышта әрленуімен ерекшеленеді. Асыл бұйымдардан жасалған әсем әшекей бұйымдар Қарағанды қаласындағы шағын кәсіпорынның он жылғы еңбегінің нәтижесі.

Алғашқы тапсырыс 2006 жылы жасалды, дейді компания директоры Андрей Борзилов. Әуелі халық зергерлер жасайтын айрықша неке жүзіктеріне қызығушылық білдірген. Кейін келе, жинақталған тәжірибе мен кәсіби дайындықты жетілдірудің арқасында кәсіпорын қолдан жасалған баламасы жоқ бұйымдарды ұсына бастады. Халық сұранысын зерделеген компания ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарды жасауға ден қояды. 2007 жылдан бастап, компания өнімі халықаралық «Ару-Астана» мен «Ару-Алматы» көрмелерінде сарапшылардың жоғары бағасына ие болып келеді. Жыл сайын өткізілетін көрмеде соны бұйымдарымен таңғалдыратын «Жемчужина» кәсіпорны зергерлік нарықтағы танымал брендке айналды.

«Зергерлік материалдардың сапасына, өңделуіне байланысты алтынның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, бір ғана алтынның шым алтын, сап  алтын, сары алтын, қызыл алтын, құйма алтын тәрізді атаулары көп. Ал күмістің өзі әртүрлі сапа-белгісіне қарай, ақ күміс, құйма күміс т.б. тәрізді бірнеше түрі бар. Алтын мен күмістің ерекше қасиеті бар деп есептелінеді. Қазақ қыздарына «Алтын», «Күміс» деген есім беруі тегін емес. Асыл бұйымдар аса қасиетті. Сырт көздің сұғынан қорғап, әйел затының бойындағы нәзіктік пен әдемілікті айшықтап тұрады. Арулардың көркін ашқан ғажайып асыл тастан жасалған бұйымдар қазақ халқының зергерлік өнерді ертеден меңгергенін айғақтайды. Сол себепті, біз ұлттық ою-өрнек салынған, заманауи тұрпаттағы сырға мен жүзік, білезіктер жасауды қолға алдық. Тұтынушылар өте жақсы бағалады. Қазақ халқы құдандалы болып, той жасағанда, қыз ұзатып, мерейтой өткізгенде көбінесе біздің бұйымдарды алып, тарту етіп жатады. Нарықта халықтың сұранысын дөп басып, өз орнымызды алдық деп есептеймін», - дейді «Жемчужина» зергерлік кәсіпорнының директоры Анрдей Борзилов. 

Кәсіпорын ұсынатын өнімдерді сайт арқылы таңдап, онлайн жүйеде тапсырыс беріп, рәсімдеуге жағдай жасалған. Сонымен қатар, компания сайтынан тұтынушыларға жасалатын жеңілдіктер мен бұйымдарды күтіп-баптау ережелері, зергерлік бұйымдарды құю, сомдау процестерінің бейнежазбаларын тамашалауға болады. Маусым сайын өнімдердің каталогын шығарып отырады.

Еңбек жолын қарапайым зергер болып бастаған Андрей, 2004 жылы жеке кәсібін ашып, жанына өзі секілді шеберлерді топтастырған. Жаңа технологияларды меңгеру үшін қызметкерлерін Ресейде, Қазақстанда өтетін түрлі ақылы курстарға қатыстырған. Сату желісін қалыптастырғанан кейін, кәсіпті жаңа деңгейге көтеру қажеттігін түсінген. Үнемі орын жалдап, көшіп жүру тиімсіз болғандықтан, мемлекеттің көмегімен несие алып, жеке ғимарат салған.

2014 жылы «Жемчужина» зергерлік кәсіпорны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ішінара 600 млн теңгелік кепілдемесінің арқасында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау нәтижесінде 120 млн теңге көлемінде несие алған. Мемлекет үш жыл бойы кәсіпорынның банк алдындағы қарызының 7  пайызын өтейді. Несие жеті жылға алынған. Қаржыға кәсіпорын қожайыны заманауи ғимарат салып, асыл бұйымдарды өңдейтін шеберхана мен дүкенді бір жерде орналастыруға мүмкіндік туған.

«Мемлекет кәсіпкерлікті қолдау үшін бірнеше бағдарламалар жасап, бизнесті көтеріп алудың тиімді жолдарын ұсынып отыр. Осындай жаһандық дағдарыс кезінде тек мемлекеттің көмегімен ғана бизнесті дамытуға, тұрақты жүргізуге мүмкіндік бар. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына хабарласқаннан бастап, маған бизнес жүргізудің қыр-сырын таныстырып, тегін кеңестер ұсынды. Кәсібімді дөңгелетіп алғанша қадағалап отырды. Мен осы уақытқа дейін білімімді жетілдіру үшін ақылы курстардан өтетін едім. Мемлекет осы жағын да ойластырған. Бизнес курстар өткізіледі. Қандай мәселемен барсаң да тегін кеңес беріп, құжаттарды рәсімдеу жолдарын үйретеді. Егер, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының көмегіне сүйенбегенде шығынға батып, осындай ірі орталыққа айналуымыз бірталай болар еді. Үнемі ізденісте болып, мемлекеттік органдармен әріптестік байланыс орнатқанда ғана бизнесің ашық, өнімінің жоғары талапқа сай болады екен», - дейді «Жемчужина» зергерлік кәсіпорнының директоры Андрей Борзилов.

Енді кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен жаңа технологиялық құрылғылар алуды көздеп отыр. Заманауи жабдықтарға қол жеткізгеннен кейін зергерлік бұйымдарды экспортқа шығаруға жол ашылады, дейді кәсіпорын басшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер