«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Талайға үміт сыйлаған орталық

2016 жылғы 07 Шілде
- Қарағанды облысы
5650 просмотров

Бүгінгі таңда Жезқазғанда мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге бағытталған жалғыз орталық жұмыс жасайды. «Малютка» медициналық орталығы қаншама сәбиді аяғынан тік тұрғызып, кәсіби дәрігерлік көмек көрсетіп отыр.

Жезқазған қаласындағы «Малютка» ЖШС медициналық орталығы 1995 жылы денсаулық сақтау ісіне жүргізілген реформа кезінде ашылды. Төмен салмақта және уақытынан бұрын дүниеге келген сәбилер мен орталық жүйке жүйесі зақымдалған бір жасқа дейінгі балаларды бақылау және емдеу мақсатында құрылған орталық мемлекеттің қолдауының арқасында қызмет көрсету ауқымын кеңейтті.

2015 жылдың желтоқсанында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен жүргізудің бірыңғай бағдарламасы аясында «Малютка» ЖШС 3 миллион теңге грантқа ие болды. Қаражат 1 жастан 12 жасқа дейінгі жүйке жүйесінде ақауы бар, қимыл-қозғалыссыз, сөйлеуден қалған науқас балаларды емдеу мен сауықтыруға арналған құрал-жабдықтарды алуға жұмсалды. Медициналық аппаратуралар Ресей мен Еуропа елдерінен жеткізілді. «Атлант» пневмокостюмдары,  мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыруға арналған арнаулы велотренажерлер, Гросс тренажеры, тағы басқа құралдар науқас балалардың емдік шараларына пайдаланылуда.

Бүгінде сәбилердің жүйке ақауымен тууы жиілеп кетті, дейді орталық директоры Оралғайша Нигматулина. Қоғамдық белсенді, ақ халатты абзал жан жезқазғандық аналар үшін кіндік шешеге айналған.

«Ауыр науқасты емдеу үшін заманауи құрылғылар мен білікті дәрігерлік кеңес қажет болып жатады. Барлық ата-ананың республикалық орталықтарға барып ем қабылдауына жағдайы жетпей жатады. Облыс орталығынан шалғай жатқан Жезқазған тұрғындары үшін дәрігерлік көмектің қолжетімділігі өте маңызды. Әрі кішкентай сәбилерді уақыт өткізбей, жергілікті жерде емдеу өте өзекті. Сол себепті, шағын орталықтың жұмысын кеңейтіп, жаңа мамандар алып, соңғы үлгідегі аппаратуралар сатып алудың қажеттілігін сезіндік», - дейді Оралғайша Рахметқызы.

Үнемі ізденісте жүретін Оралғайша Нигматулина Қарағанды облыстық Кәсіпкерлік палатасының Жезқазған қаласындағы филиалына барып бизнесті дамыту бойынша кеңестер алды. Орталықтың жұмысын жандандыру үшін жаңа бизнес жоспар жасап, гранттар байқауына өз жобасын ұсынды. Шағын қалада өте үлкен жұмыс атқарып отырған кәсіпкердің жаңа жобасы ескерусіз қалған жоқ. Өңірдегі медициналық, әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескере отырып, Жезқазған қаласындағы медициналық орталықтың атқарар жүгі ауқымды деп танылды. Кәсіпкерге орталық жұмысын жетілдіру үшін тегін бизнес кеңестер мен 3 млн теңге қаржылай көмек берілді.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдениет Божбанов, кәсіпкерлерге сервистік қолдауларды тегін жасаймыз дейді. 

«Жеке кәсіп ашқысы келетін кез-келген адам мемлекет көмегін пайдалана алады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында Палата сервистік қолдау көрсетеді. Яғни, кәсібін ашқан адамға маркетинг, заңгерлік, бухгалтерлік және тағы басқа қызмет түрлерін көрсетеміз, бизнес-жоспар жазып береміз. Сервистік қолдау – «қаржылық емес көмек» деп аталады. Яғни барлық қызмет тегін. Мысалы, былтыр біз Қарағанды облысы бойынша 211 кәсіпкерге бухгалтерлік қызмет көрсеттік. Мұндай қызмет үшін олар айына кем дегенде 30 000 теңге жұмсар еді. Кәспкерлер бас-аяғы 37 млн теңгесін үнемдеп қалды. Одан бөлек бизнес саласы бойынша курстар өткіземіз, оқытамыз, үйретеміз, көрсетеміз. Тек ниет болса жетеді. «Бизнес-кеңесші» жобасының міне екінші жылын бастадық. Қазір өтініштер қабылданып жатыр. Маркетингтің не екенін, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу керек, кәсіпкерлік туралы заңда не айтылғаны жайында ең қарапайым деген түсініктермен таныстырамыз», - дейді Мәдениет Божбанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер