«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Фермерлерді алаңдатқан бордақылау алаңдары

2016 жылғы 26 Ақпан
- Қарағанды облысы
11677 просмотров

Шет ауданының кәсіпкерлері бордақылау алаңдарының субсидиялауға қатысты қоятын талаптарының тым қатаң екенін айтады

Мемлекеттің қаржылай демеуіне ие болу үшін, мұндай алаңдардағы ірі қара мал басы 3000-нан кем болмауы тиіс. Шет фермерлері бұл талапты 500-ге дейін төмендетуі керек деп санайды.

Аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Сейілбековтің айтуынша, жергілікті фермерлердің малын өткізетін ең жақын кешен – Астана маңындағы Сабынды ауылы.

«Астана өнім» деп аталатын бордақылау алаңына мал өткізу үшін оның салмағы 350-450 келіден кем болмауы тиіс. Алайда, біздің жақтың малы мұндай салмақ бере алмайды, ары кетсе 220 килограм тартады. Өкінішке қарай, біздің ауданда мал шаруашылығы ең дамыған кәсіп болғанымен, малды асылдандыруды жүзеге асыра алмай отырмыз», дейді ол.

Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мақсат Жұмкиннің айтуынша, 2015 жылы әкімшілік жоспары бойынша Сабындыға Шеттен тірі салмағы 74 тонна мал аттану керек еді, бірақ жоспар 22% ғана орындалып, 16 тонна ғана кетті.

«Биылға 473 тонна жоспар қойылды. Бірақ оны іске қалай асырамыз – ол белгісіз. Бордақылау алаңдарына мал жөнелту – мемлекеттің экспорттық әлеуетті өсіру бағдарламасы аясындағы міндет. Мал бордақылау алаңдары ірі қара малдың салмағы 350 килограммнан кем болмау керек деп талап қойғандықтан, шаруалар ірі қараларын жеке келісім бойынша қара базардан өткізеді, ал ол есепке алынбағандықтан, жоспар орындалды деп саналмайды. Сатып алушылар әдетте оңтүстік облыстардан, Өзбекстаннан келеді», дейді бөлім басшысы.

Мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлер сиыр-өгіздерін шалғайдағы Сабындыға апарғаннан, оның салмағы төмендеп кететінін айтып шағымдануда.

«Осы бордақылау алаңдарын өзімізден ашқымыз келеді, бірақ оның шығыны да бастан асатындықтан, мемлекет көмегінсіз де қиын. Ал 3000 бас ірі қарасы бар фермер жоқ, сондықтан талапты жұмсартып, 500 басқа дейін төмендетсе, осы мәселені өзіміз де шешіп алар едік», деген ұсынысымен Палата жанындағы шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы Мираш Қасымбеков бөлісті.

Бұл оймен жиындағы барлық кәсіпкер келісіп, тағы бір мұңын айта кетті.

«Астана өнім» ең басында 250 келілік мал аламыз дейді де, 1-2 айдан соң талапты 350, сосын 450 келі деп бекітеді», дейді олар.

Мұның сыртында жүн мен тері өткізу проблемасы да бар – ондай тауарын бүкіл аудан бойынша бір ғана «Ернұр» шаруа қожалығы сатып отырған көрінеді.

«Ақжол» шаруа қожалығының жетекшісі Мұстафа Серғазы жүн-теріні қытай нарығына өткізу мүмкіндігін пайдалану керек дейді:

«Қазір Қытаймен сауда-саттық орнатпақ туралы сөз болып жүр. Silk road City бірлескен кәсіпорнының ұсынысын қарап отырсам, шарттары жап-жақсы. Дұрыстап қолға алса, өнейін деп тұрған шаруа. Олар жүн-теріні ежелден Моңғолиядан алады, енді біз де осы шикізатты Қытайға өткізуге тырысайық. Етті де аламыз деп отыр».

Шет кәсіпкерлерінің ұсыныстары облыстық Палата арқылы республикалық деңгейге шығарылмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер