«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өмірді жапондарша басқару

2016 жылғы 25 Ақпан
- Қарағанды облысы
11226 просмотров

Қарағандыдағы 40 кәсіпорынның басшысы жапон сарапшыларынан менеджмент қағидаларын үйренді

Лифтшіге жеңіл саты, ал еден тазалаушыларға швабраның басына кигізілетін резіңке саптама сатып әперу арқылы ғимараттың жалға берілуі тоқтамайтын болды. Бизнеске кайдзен-философияны енгізуші мамандар қазақстандық басшыларға дәл осы мысалды келтіреді. Оған сәйкес ешбір нәрсе назардан тыс қалмауы керек. Кайдзен (жапон тілінен аударғанда – үздіксіз жетілу) – шығындарды азайтып, қызмет немесе өнім сапасын арттыруға көмектесетін ұйымды басқару қағидалары. Дәл осы қағидалар соғыстан кейінгі дағдарыс кезеңінде Toyota компаниясына таңғаларлық жетістіктер әкелген көрінеді. Дүниежүзінде кайдзен қағидалары 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді, 1986 жылы Масааки Имаидің «Кайдзен: жапон компанияларының табысқа жету кілті» атты кітабы жарық көрген соң, ол тіптен танымал болды. Табысқа жетудің кілті жұмыс процесіндегі шығындарды азайтуға басшылар мен ұжымдағы әрбір қызметкердің екіжақты мүдделі болуында, еңбек пен жабдық өнімділігін арттыруда, өндірілетін өнім мен қызметтер сапасын арттыру мен олардың клиент үшін жағымдылығын қамтамасыз етуде жатыр.

Елдегі пилоттық жобаны Қазақстандағы ШОБ-ты қолдаумен айналысатын  Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігі Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығымен (KJC) бірлесе отырып іске асырды. Жоба «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асты. Кайдзенді енгізу жөніндегі сарапшы, инженер-кеңесші, Жапон үкіметінің уәкілі Хаджиме Сузуки диагностика жүргізу үшін таңдалынған бірқатар қазақстандық кәсіпорындарды аралауда. Бұл жұмыс барысында компаниялардағы  проблемалар анықталып, олардың қызметін жақсарту бойынша ұсыныстар айтылмақ. Одан соң сарапшы әрбір кәсіпорынға арнап жұмыс жоспарын құратын болады. Компанияға үнемді өндіріс қағидаларын енгізу нәтижесінде  өнімділік көлемі артып, көрсетілетін қызметтер немесе тауарлардың сапасы жақсарады, сонымен бірге кәсіпорындағы қауіпсіздік те қамтамасыз етілмек. Жуырда Қарағандыдағы Кәсіпкерлер палатасында кайдзен философиясы туралы семинар өтіп, оған қызметкерлерді дамыту және бизнес тиімділігі мәселелері жөніндегі кеңесші Гүлмира Мұқанова қатысты.

Оның сөзінше, кайдзен қағидалары бойынша әрекет ететін кәсіпорындардың жеткен табысы туралы ауыз толытырып айтуға болады. Жекелей алғанда, жоғарыда баяндалған еден тазалаушылар мен электр мамандарының кеңсе ғимаратында атқарар рөлі зор болған, мұны кенеттен бірінен соң бірі кете бастаған жалға алушылар мысалынан көруге болады. Кейін анықталғандай, электр маманының қолында 9 қабатқа қызмет көрсету үшін бір ғана жеңіл сатысы болған, ол күйіп кеткен лампаларды уақытында ауыстырып үлгермегендіктен, дәліздер қараңғы болатын. Ал еден тазалаушылардың үнемі құлай беретін швабраларды көтеру үшін қайта-қайта еңкеюіне тура келетін. Келушілер болса лифтінің алдына жиналған тобырды жақтырмайтын. Бұл проблеманың жарасы тіптен жеңіл екен, қабырғаларға баспалдақтардың қайда екенін нұсқайтын белгі салғаннан соң, көп адамдар баспалдақпен көтерілетін болған.

Тағы бір мысал: жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру және үстел үстін қағаздардан тазарту арқылы жоғалған құжат табылған. Ал бұған дейін ол құжатты қалпына келтіру үшін, фирма бірнеше жүз мың төлемекші еді.

Қарағандылық кәсіпкерлер Сузуки мырзаның «Өндірістік менеджментті тиімді пайдалану бойынша нұсқаулық» деп аталатын «Know how & know way» («ноу-хау и ноу-вей») өндірісті басқару саласындағы еңбегіне қызығушылық танытты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер