«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік сатып алу кезіндегі заң бұзушылықтарға тыйым бар ма?

2016 жылғы 18 Ақпан
- Қарағанды облысы
12348 просмотров

Мемлекеттік мекемелер әлі күнге «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнама талаптарын орындамай, оны белден басып келеді

Жеке кәсіпкерлік субъектісінің мемлекеттік сатып алуға қатысуына орай туындайтын қиындықтардың нақты шешімі жоқ. Билік өкілдері жеке бизнестегі мемлекеттік сатып алулардың қолжетімділігі мен жемқорлық себептерін азайту туралы мәселені жиі айтқанымен, мұнда шешілмеген түйін көп. Іс жүзінде бәрі басқаша. Сондықтан, кәсіпкерлер түрлі қадағалаушы мекемелердің қолдауына сүйенеді. Бірақ, олардың үнемі жолдары бола бермейді.

Бірнеше жылдан бері байқауларда телекоммуникациялық мықты компаниядан үнемі жеңіліс табатын «Asia bell» ЖШС кәсіпкерлер құқығын қорғау Кеңесіне жүгінді. 2016 жылдың басынан байланыс, телефон және интернет қызметіне 300-ден аса сатып алулар жарияланған. Алайда, қарағандылық компания тек он сатып алу қызметіне ғана қатыса алған. Себебі, анық. Ұйымдастырушылар «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды орындамаған. Құқығы бұзылған компания қаржы бақылау департаментіне арыз түсіргенімен, мәселе әлі шешілмепті.

«Asia bell» ЖШС атқарушы директоры Степан Водюниннің айтуынша, мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушылар ақпаратта тек «Қазақтелеком» АҚ ғана орындай алатын лоттарды және арнайы техникалық параметрлерді көрсетеді екен.

Мәселен, интернет қызметін «Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті» ММ сатып алған. Тапсырыс беруші лотта «GPON технологиясын қолдану арқылы қызмет көрсету» деп жазған. Бұдан соң «Қазақтелеком» АҚ, «ID TV, ID Phone» телефон нөмерлері көрсетілген. Ал бұл белгілердің бәрі тек «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына тиесілі болып шықты.

Яғни, бұл жерде тапсырыс беруші заңның 37, 38-баптарын бұзып отыр. Мұнда 37-бапқа сәйкес, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы тауар, жұмыс, қызмет көрсету түрлерін олардың біртектілігі мен жеткізу орны бойынша бөлуі тиіс еді. Ал 38-бапта «Жарияланған ақпаратта тауар, қызмет көрсету белгілері, фирмалық атаулар, патенттер, пайдалы және өнеркәсіптік үлгілер, тауардың шығарылу орны мен өндірушінің есімі, оған қоса, жеке әлеуетті тапсырыс жеткізушіні сипаттайтын тауар, қызмет көрсету түрлеріне қатысты өзге де сипаттамалар көрсетілмеуі керек» делінген...».

Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнан бөлек, белгілі талаптар жазылған Кәсіпкерлік кодекстің бар екенін айтады.

«Кодекстің 163-бабында мемлекеттік мекемелер өз құзыреті аясында байқауға кері әсерін тигізетін қадамдар жасамай, оның дамуына үлес қосуға міндетті деп айтылған. Ал біздегі мемлекеттік органдар мен мекемелер өткізген байқаулардың басым көпшілігінде «бармақ басты, көз қыстыға» жол береді. Бір ғана тапсырыс жеткізушінің ықпалында кетеді. Әрине, әкімшілік аппараты ең болмағанда қабылдау бөлімінің телефон нөмерін сақтап қалғысы келетін шығар, бұл ақылға қонымды, оған қарсы келе алмаймыз. Алайда, жүзден аса мектеп немесе Саран қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесі, Қарағанды қаласы экономика және қаржы бөлімі – бәрінің талабы бірдей. Әрі оны тек бір ғана компания орындай алады. Одан өзгелер байқауда жеңбек түгілі, оған қатыса да алмайды. Ал біз сатып алулар шынайы жүргізілген жағдайда бұл алып компаниямен бәсекеге түсе аламыз», – деп түсіндіреді кәсіпкер.

Степан Водюнин жеке компаниялар құқығының бұзылуына қатысты көп деректер келтірді. Оның сөзінше, байқау талаптарында техникалық ерекшеліктер емес, белгілі бір оператордың нақты сипаттамалары тайға таңба басқандай етіп көрсетіледі екен.

«Біз осындай бассыздықтар мен заң бұзушылықтарды қадағалайтын, олардың жолын кесетін қандай да бір мекеменің құрылғанын қалаймыз. Оған қоса, Палатаға жіберген үндеуімізде мемлекеттік сатып алуларға жауапты қызметкерлерді байқауды дұрыс ұйымдастыруға үйрету туралы ұсынысымыз бар. Олар келесі жолы мұндай сорақы ереже бұзушылыққа жол бермеуі керек. Егер бұлай жалғаса беретін болса, мемлекеттік сатып алулар емес, сайқымазақтар ойынына айналады. Жалпы бұл – қарағандылық мемлекеттік мекемелер арқылы бір ғана компанияның таза лобби жасауы», – дейді компания өкілі.

Бұл пікірмен Қарағанды облысы кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінің төрағасы Серік Төрегелдин де толығымен келісті.

«Өрескел ереже бұзушылықтарға біліксіздіктен емес, лоббистік мақсатта жол беріліп жатыр. Бұл жерде үшінші тұлғаның ықпалы болуы әбден мүмкін. Ал әкімшілік аппаратындағы жағдай сіздер айтқандай болса, онда бұл туралы ақпарат жеткізіп, оларды хабардар ету керек», – деді төраға. Оған қоса, ол халықтың сотты болған 3 қарағандылық әкім ісін ұмытпағанын еске салды.

Кеңес мүшелері «Asia bell» үндеуін бірден үш инстанцияға – Қарағанды облысы қаржы бақылау инспекциясы, прокуратура, Мемлекеттік істер және жемқорлықпен күрес агенттігіне жіберді. Қоғамдық орган мемлекеттік сатып алулар кезінде заң талаптарының орындалу барысын тексеруге мүдделі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер