«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақша кімдердің қалтасына кетіп жатыр?

2016 жылғы 17 Ақпан
- Қарағанды облысы
11085 просмотров

Қарағанды кәсіпкерлері коммуналдық қызметтер ақысын орынсыз қымбаттатылған тарифтер бойынша төлеп отыр

Қазақмыс «Абай жылу желілерін» жергілікті әкімдіктің басқаруына бергенге дейін бюджеттік ұйымдарға арналған тарифтер тұрғындар тарифімен салыстырғанда жеті есе, коммерциялық ұйымдар тарифтерінен үш есе көп болған. Кәсіпкер Николай Абттың ойынша, бұл қаржылық органдар мен прокуратураның араласуын қажет етеді. Бұл туралы ол Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының энергетика және ТКШ комитеті отырысында мәлім етті.

Жаңа жылдан бастап абайлық бюджеттіктер мен кәсіпкерлер жылу төлемін бірдей тариф бағасы бойынша жасайтын болған. Бюджеттіктер үшін тариф бағасы 30%-ға төмендетілсе, кәсіпкерлер үшін 200%-ға қымбаттаған. Бұрын тариф бағасы сәйкесінше 7 990 және 2 050 теңге болған. Мұндай өзгерістер не себептен орын алғанын және араны ашылған монополист әрекетінің мән-жайын монополияға қарсы орган ТМРА анықтап жатыр.

Ал қарағандылық кәсіпкер Николай Абттың айтуынша, ондағы былықтар қаржы полициясының да, прокуратураның да қыруар жұмыс жасауын қажет етеді.

«Бұл – ұрлық. Яғни коммуналдық желілер Қазақмыс корпорациясының меншігінде болғанда бюджеттік ұйымдарға арналған тарифтер жоғары болған. Қазір оның орнына келген мемлекеттік кәсіпорын өзі үшін тарифтер бағасын арзандатып, кәсіпкерлер «не қылса, о қылсын» деп отыр. Бұл дөрекі заңбұзушылық. Қаржы полициясына жүгініп, істі прокуратура қарауына беру қажет деп есептейміз. «Абай жылу желілері» арқылы кімнің қалтасына қанша ақша кеткені тексерілсін»,– деп мәлімдеді ол.

Оның сөзінше, бұл Абай ғана емес, сонымен бірге облыс орталығында да бар мәселе.

«Қарағандыда мемлекеттік балабақша судың бір текше метріне 600 теңге төлеп отыр. Балабақша үшін осындай тарифтер қойып, кейін балабақшаға субсидия бөлінер кезде барлығы оның тиімсіздігін айтып шағымданады. Ал «Энергия орталығы» болса 80 теңге төлейді. Айырмасын көрдіңіздер ғой? Бұл барып тұрған қитұрқы әрекет! Біз үнемі тауарлар мен қызметтер құнын қымбаттатпау туралы мәлімдейміз, әкімдік өндірушілер мен супермаркеттерден үнемі осыны сұраумен келеді. Тарифтер осылайша үш есе арта беретін болса, бағаны қалай ұстап тұра аламыз? Меморандумдарға отырып, бос дабыра жасаудың бізге қажеті қанша? Сөйтіп алып, облыс әкімі кәсіпкерлерді жамандап, барлық газеттерге «кәсіпкер кінәлі» деп жариялайды. Бюджеттік ұйымдардың мұндай қымбат тарифтер бойынша төлем жасауын ұрлық демей не деуге болады?», – деп наразылығын жеткізді Н.Абт.

Комитет мүшелері тергеу жүргізу туралы өтінішті барлық өкілетті қадағалау органдарына жеткізу туралы шешім қабылдады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер