«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қандай мамандықты таңдаймыз?

2016 жылғы 10 Ақпан
- Қарағанды облысы
11472 просмотров

Қалада кәсіп пен бизнестің жай-жапсарын түсіндіретін орын жоқ болса, жастар қайда барады?

Ең дұрысы – ақпаратты мамандардың өзінен тікелей алу.   

Кәсіпкерлер палатасы Қарағанды облысы Приозерск қаласында кәсіпке бағдарлау жұмысымен тиянақты түрде айналысуда, олар танымал әрі табысты кәсіпкерлерді жоғары сынып оқушыларымен кездесуге жиі  шақырып тұрады. Осындай кездесулердің біріне Нұрым Әбдіқалықов пен  Сабина Жетпісова келіп, өскелең ұрпаққа арналған пайдалы кеңестерімен бөлісті.  

Филиал директоры Азамат Шалғымбаевтың айтуынша, оқушыларды мамандық таңдау проблемасы қатты толғандырады.

«Бір оқушы қыз өзінің тамақ әзірлеуді ұнататынын айтты, бірақ аспаздық мамандықтың қоғамда беделі жоқ деп ойлайды, өйткені ата-анасының пікірі осылай және тіпті аспаздық мамандықты таңдауына тыйым салған. Біз оған жоғары бағаланатын және құрметке ие, 3-5 мың АҚШ долларын табатын майталман аспаздар туралы айтып бердік. Бұл жұмыс дәл осы біздің өңірде сұранысқа ие екенін білеміз, себебі мұнда колледждер немесе кәсіптік бағдар беретін арнайы орталықтар жоқ. Оқушылардың көпшілігі ата-анасы қайда бар десе, сол оқуға баратынын айтады. Бұл өкінішті жайт, оқушылардың жаны қалайтын кәсіпті өз бетімен таңдап, тануына мүмкіндік жоқ екенін көрсетеді», – дейді Азамат Шалғымбаев.   

Бұл мәселені шешуге әзірше өңірдегі кәсіпорындар көмектесіп отыр, Палата филиалы олармен оқушыларға арналған тәжірибелік сабақтар мен экскурсиялар өткізу жайын да келісіп қойды.  

Филиал директоры жеке кәсіпкер Мұрат Нарымбетовтің жиһаз цехы балаларға жиһаз даярлаудың қыр-сырымен таныстырып қана қоймай, шеберлікке үйретуге де дайын екенін айтты.

«Мұраттың кәсіпорнында мамандар жетіспейді, сол себепті ол білімі мен шеберлігін бөлісуге әрдайым қуана келіседі. Қонақүй стандарттарына сәйкес білікті мамандар жетіспеушілігін анық сезініп отырған «Балқаш» шипажайының басшылығы да көмектесуге дайын. Егер де болашақ мектеп түлектері осы салада жұмыс істегілері келсе, олардың қажетті мамандық бойынша колледждегі оқуларын аяқтаған соң, жұмыспен қамту мүмкіндігін қарастыруға әбден болады», – деді А.Шалғымбаев.

Приозерск – Қарағанды облысындағы 14 мың тұрғыны бар шағын қала, облыс орталығынан 546 шақырым қашықтықта орналасқан Сарышаған полигонының әкімшілік орталығы. Бір кезде жабық қала саналған бұл шаһарда ғылыми, әскери базалар орналасқан болатын. 1990 жылдары полигон нысандарының көп бөлігі пайдаланудан шығарылып, қараусыз қалды, қала халқының саны 30%-ға азайды.

Қазіргі уақытта Приозерск қаласы Балқаш көлінің жағасында орналасқандықтан және туризмді дамытуға қолайлы болғандықтан, кәсіпкерлер оған қызығушылық танытып отыр.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер