«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанға туристерді қалай тартуға болады?

2016 жылғы 07 Қыркүйек
25247 просмотров

Юлия Якупбаева ЭКСПО-2017 қарсаңында Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру үшін Ұлттық палата қолға алған жұмыстар туралы баяндап берді

«ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында Қазақстанға келетін туристер санын қалай арттыруға болады? Бұл мәселе 6 қыркүйекте өткен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында басты тақырыпқа айналды. Жиынға шақырылған сарапшылар осы жағдайға байланысты өз ойларымен және ұсыныстарымен бөлісті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева өз сөзінде барлық мәселелер мен ұсыныстарға тоқталып өтті. «Біз ЭКСПО Қазақстанға шетелдік қонақтарды тартуға үлкен мүмкіндік беретінін түсінуіміз керек. Бізге сол әсерді жоймай ұстап тұру үшін, қонақтардың Қазақстанды ұнатып қайта-қайта келуі үшін не істеуіміз керек?» – деп бастады ол.

«Әкімдіктерде туристік әлеуетті түгендеу жұмыстары Өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірге жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, әр өңірдің беткеұстар дүниелерін дайындау жұмыстары қолға алынды. Туристерге не көрсету керектігін және олардың қандай жағдайда екенін нақты білуіміз керек», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының дерегіне сүйенсек,  барлық 16 өңірде таныстырылым деректері дайын тұр және де ол жақын арада Үкімет пен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясына ұсынылатын болады.

«Атамекен» бастамасымен, нысандарды түгендеу бойынша жүргізілген жұмыстар негізінде Жол карталары жасалған. Сондай-ақ, «аталған өңірлік карта үшін  қаржыландыруды қамтамасыз ету  бойынша, соның ішінде туристік орындарға дейін инфрақұрылымды жеткізу мәселелерін қарау туралы» Үкіметтің тапсырмасы бар екен. Юлия Якупбаева 11 жол картасының бекітуге жіберілгенін, ал қалғандары қыркүйектің ортасына дейін дайын болатынын хабарлады.

Юлия Якупбаева «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Фейсбуктегі «Управление-Бизнес-Туризм» ашық тобынан келіп түскен ақпаратпен бөлісті. Бұл парақшада қазақстандықтар еліміздің туризім индустриясын дамыту туралы пікірлері мен ұсыныстарын қалдыра алады. Көбінесе туристік орындарға жету үшін жолдың қиындық туғызып отырғанына шағым білдірушілер көп.  Мысалы, «60 км жерден Табиғи паркке дейін бару үшін 5 сағат жұмсауымыз керек. Бұл өте қиын. Жолда дөңгелегіміз жарылады, түрлі жағдайлар кездеседі. Ал ол жерлерде байланыс мүлдем жоқ, тіпті қарапайым техникалық жөндеу орталықтарын таппай қаласың», – деп жазады біреу. «Бұл жағдайларға жол бермеуіміз керек. ЭКСПО-ға дейін уақыт бар кезде осы мәселені реттеуіміз керек. Бұған көп қаражат та кетпейді. Осындай нақты ұсыныстар Жол картасына енгізілді», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

«Бағалау бойынша, биылғы маусымда Алакөл, Балқаш сынды негізгі демалыс орындарына келушілер саны артқан. Соған сай, қызмет сапасына, қоқыспен ластануына, қарапайым дәретханалардың жоқтығына көп шағым түсті. Сол себепті аймақтарды ретке келтіру жұмыстарына қажетті жол инфрақұрылымын орнату, қоқыс тазалау жұмыстарын қадағалау мәселелеріне қолдау білдіруді сұраймыз. Сондай-ақ, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, осы мәселеге назар аударту үшін әлеуметтік жарнама түсіру қажет», – деді ол.

Туроператорлар билеттердің қымбатқа түсетінін айтып шағымданады. «Мысал үшін, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны отбасымен бірге ЭКСПО-ға немесе жай Астананы тамашалауға келді дейік. Ол төрт адамның билеті үшін 200 мың теңге жұмсайды. Бұл өте көп сома. Ал пойызға 4 күн кетеді. Оның сонша бос уақыты жоқ.  Автобуспен ол жете алмайды», – деді Юлия Якупбаева.

Осыған байланысты, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары қоғамдық Кеңес  мүшелерін Қазақстан бойынша қатынауды арзандату мен жеңілдету мақсатында лоукостерлер мен шағын авиацияларды дамыту туралы ҰКП ұсыныстарын қолдауға шақырды. Одан бөлек виза мәселесі толық шешімін тапқан жоқ.

«Бүркіт» жүйесін жаңғыртуға байланысты шетелдіктер үшін онлайн-тіркелу қиын болып отыр. Сол себепті міндетті түрде миграция полициясының бөлімшесіне баруларына тура келеді», – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

«Жалпы, біз туризм саласында жетістікке жетіп отырған Грузия сияқты елдерді мысалға алып, барынша тезірек туризм бойынша Ұлттық кеңсе құруымыз керек. Бұл кеңсе Қазақстанның дамуын жүзеге асырып, оның сыртқы нарықтағы ұлттық болмысын айқындайтын болады», – деді Юлия Якупбаева.

«Премьер-министрдің осы жылдың 15 тамызында Алматыға келген іссапары нәтижесінде, Премьер-министрдің бірінші орынбасарының басшылығымен туристік сала мәселелерін талқылау үшін Жұмыс тобын құру шешімі шыққан болатын. Өңірлік деңгейде болсын, республикалық деңгейде болсын барлық мәселелер осы үлкен алаңда талқыланады», – деп  қорытындылады ол.

Шанхай қаласында өткен ЭКСПО-2010 ұйымдастыру комитетінің өкілдері және Миланда өткен ЭКСПО-2015 Басқармасының басшысы өз сөздерінде көрменің сәтті өтуі мен туризмді дамыту үшін бірінші кезекте тұрған басты талап – бұл инфрақұрылымды дамыту мен көлікке қолжетімділік екенін айтқан еді. Демек, осыларды ескерсек, ҰКП дұрыс бағытта келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер