«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Инвестициялық субсидиялар төңірегіндегі астыртын әрекеттер

2016 жылғы 19 Қаңтар
- Қарағанды облысы
7975 просмотров

Кәсіпкерлер палатасына жүгінгеннен кейін шаруа қожалықтарына 360 042 500 теңге мөлшерінде инвестициялық субсидиялар төленді

Жиырма сегіз аграрлық кәсіпорын төлем жасалуын бір жылға жуық уақыт күткен.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасына шаруа қожалықтары инвестициялық салымдар кезінде келтірілген шығынның бір бөлігінің орнын толтыру бойынша инвестициялық субсидиялардың төленбеуі түйткілімен жүгінді. Өндірістік қуаттарын кеңейтуге инвестицияларының орнын толтыру құқығы шаруа қожалықтарына Үкіметтің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қаулысы аясында берілген.

Атап айтсақ, «Марғұлан» ШҚ жайылымды суландыру бойынша инфрақұрылым салуға 2 193 611 теңге инвестициялаған, «Ділдабаев» ШҚ сүтті-тауарлы фермалар құрылысына және оны кеңейтуге 4 750 250 теңге салған.

Инстанциялардың табалдырығын тоздырып, орталық мемлекеттік органдарға жүгіну еш нәтижесін бермейді.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік бағдарламалардың операторы «Қазагромаркетинг» АҚ барлық өтінімдерді жергілікті атқару органдары өкілдерінен тұратын комиссияға ұсынды. Жұмыс органы (облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы) барлық өтінімдерді келісіп, инвестициялық субсидиялар беруге шешім қабылдайды да, Қағидаларға сәйкес инвестициялық субсидиялар алу туралы жиынтық актілерді бекітеді. Комиссия сонымен бірге жұмыс органына төлемді жиынтық актіге сәйкес жүргізуге шешім қабылдайды. Бұған комиссия отырыстарының комиссия хатшысы қол қойған әрі жұмыс органының мөрімен расталған хаттамаларынан үзінді көшірмелер куә болады.

Төлем жасау үшін жұмыс органы, оператор және инвестор арасында үш жақты шарт пен сатылып алынатын жабдықты, техниканы мақсатында қолдану және меншіктен шығармау жайлы келісім жасау қажет. Алайда шарттар мен келісімдердің барлық инвесторлармен бірдей жасалмағаны белгілі болды. Қағидаларда қол қою мерзімі көрсетілгенмен, шарттар мен келісімдерге бір жыл бойы қол қойылмаған, сәйкесінше, инвестициялық субсидиялар аударылмаған. Оған қоса, шарттар мен келісімдер жасалған кәсіпкерлерге де (инвесторларға да) субсидиялар төленбеген.

Осылайша, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешенінің субъектісі шеккен шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары ғана емес, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңның мақсаттары мен қағидаттары да бұзылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтардың тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуы, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімнің және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру үшін экономикалық жағдай жасау жөніндегі мақсаттар сақталмаған.

Заңдар мен комиссия шешімдерін орындамау нәтижесінде шаруа қожалықтары шығындардың бір бөлігінің өтелуіне сүйене отырып, күрделі экономикалық жағдайда қаржы қиыншылығына ұшыраған.

Агроөнеркәсіпшілердің Палатаға, Қарағанды облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне жүгінгеннен кейін хат жолданып, нәтижесінде қылмыстық іс қозғалғанмен, кейін тоқтатылады. Тергеу барысында ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Б.Асановқа бюджет қаражатын уақытында игермегені үшін облыс әкімінің өкімімен 2015 жылғы наурыз айында тәртіптік жазалау белгіленгені анықталды.

Тіпті осындай шаралардан кейін де шаруа қожалықтарының түйткілі шешімін таппайды. Шарттар орындалмаған, Субсидиялау қағидалары бұзылған әрі сотқа дейінгі тергеу барысында 33 кәсіпкердің 360 045 500 теңге мөлшеріндегі сомадағы субсидияны алмағаны анық болды. Шын мәнісінде, кәсіпкерлерге субсидиялармен көзделген саомадан да көп сомадағы мүліктік зиян келтіріліп отыр.

Ал облыс прокуратурасы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің қылмыстық істі тоқтату туралы шешімінің күші жойылып, қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу қажеттігі туралы нұсқау берілгенін хабарлап отыр.

Сөйтіп, агроөнеркәсіпшілердің Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасына жүгінгенінен кейін 2 ай өткен соң, 2015 жылдың желтоқсан айында 28 шаруа қожалығына 360 млн теңгеден астам сомадағы субсидия төленді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер